Қазақстан Президенті Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді

Қазақстан Президенті Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді

Қазақстан Президенті Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша бүгінде агенттік еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын дербес құрылымға айналған. Президент мемлекет бұл қызметтің тиімді әрі алаңсыз жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасап жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы халықаралық ынтымақтастық нығайып келетінін алға тарты. Еліміз Financial Action Task Force ұйымының тексерісінен сәтті өтті. Қазақстан «Эгмонт» тобының қаржылық барлау бірлестігінде Еуразия аймағының мүддесін қорғайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 20 ірі криптобиржамен сындарлы серіктестік орнатылды. Елімізде блокчейн-талдаумен айналысатын «Криптон» арнайы құрылымдық бөлімшесі ашылды. Бұл – Орталық Азия елдерінде құрылған осындай алғашқы бөлімше. Былтыр қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын 200-ге жуық жалған компания әшкереленді. Олардың заңсыз айналымдағы қаражаты 500 миллиард теңгеден асады. Сексеннен астам қылмыстық топ құрықталды. 100-ден астам қаржы пирамидасы жойылды. Мұның бәрі еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайта түскені сөзсіз.

Сондай-ақ, Президент агенттіктің қызметіне цифрлық тәсілдер мен жасанды интеллект жүйесін жаппай енгізуді жүктеді. Бұл ауқымды экономикалық жаңғыру жолына бет бұрған Қазақстан үшін өте маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Агенттіктің кәсіпкерлермен жұмыс тәсілін қайта қарауға шақырып, көлеңкелі экономикамен күресті жандандыру мәселесіне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттік алдында көптеген күрделі әрі маңызды міндет тұрғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Әділетті, Қауіпсіз, Күшті, Таза әрі Озық Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды өзгерістердің келесі – шешуші кезеңіне қадам бастық. Конституциялық реформаны қолға алдық, бүгінде Комиссия белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Барлық ұсыныс мұқият сарапталады, түзетулердің жобасы әзірленеді. Халық бұл жобамен танысып, референдумда түбегейлі шешім қабылдайды. Осылайша, елімізде жаңа қоғамдық-саяси жүйе қалыптасады. Ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған жұмыс тың қарқынмен жалғасады.

Жиын соңында Президент қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін Қаржылық мониторинг агенттігінің бір топ қызметкерін мемлекеттік наградамен марапаттады. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?