Үкімет Президент жолдауын жүзеге асыру шараларын талқылады

Ел қазынасының кiрiсін арттыруды қамтамасыз ету, инвестициялық ахуалды жақсарту, отандық өнеркәсiптiң әлеуетiн кеңейту мен экономиканың нақты секторын дамыту және инфрақұрылым мәселелерiн шешу жөнiндегi жұмысты күшейту. Бүгін Үкіметте Президент Жолдауы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру шаралары талқыланды. Осыған орай, Премьер-Министр бейінді ведомстволарға бірқатар нақты тапсырмалар берді. Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Жолдауы - ел мен қоғам үшін стратегиялық бағдар екенін атап өтті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Жолдау бізге таяу мерзімге арналған мақсат-міндеттермен қатар нысаналы көрсеткіштері және индикаторлары белгіленген нақты іс-қимыл алгоритмін айқындап берді. Әрбір тармақтың орындалуы қатаң бақылауда болады. Бұл ретте қорытынды нәтижеге, оның экономикаға тиімділігіне баса назар аударылады. Азаматтардың табыс деңгейін арттыру - Үкімет жұмысының өзгермейтін басты мақсаты. Кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту үшін қолайлы жағдайлар жасау және мемлекеттік бюджетті ұтымды бөлу айтарлықтай экономикалық өрлеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту қамында Қазақстанда ауыл шаруашылығы алқаптарын ұтымды пайдалануын бақылау күшейтіледі. Бұл шаруа қызметі қайта форматталатын жерлерді алу жөніндегі арнайы комиссияның құзырында болады. Бұдан басқа, келер жылдан бастап жер емген шаруаларды жеңілдікпен несиелеу көлемі 800 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Бұл үрдіске екінші деңгейлі банктер тартылады. Сыртқы нарықтарға отандық дайын өнімді экспорттауды ынталандыру үшін бірқатар кешенді шара көзделіп отыр.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында белгіленген экспорттық мүддесі жоғары елдердің нарықтарына назар аудара отырып, жүк авиатасымалдарына, бірінші кезекте АӨК өнімдері мен тамақ өнеркәсібіне бағдарланған экспортты ынталандырудың жаңа тәсілдемесі енгізілуде.