Қазақстанда 13 мың шақырым автожолға және 6 мың шақырымнан астам теміржолға
жөндеу жұмыстары жасалмақ. Қазірдің өзінде автотрассаның, атап айтсақ
«Ақтөбе-Ұлғайсын» және «Қарағанды-Жезқазған» учаскелерінде жұмыстар басталып
кетті. Жаңа жобалар қатарында «Орталық – Батыс» күре жолының құрылысы да бар,
ол Астанадан Ақтау порты бағытындағы транзиттік бағыттардың қашықтығын
қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік саласындағы ірі
инвестициялық жобалар бойынша өткен кеңесте айтылды. «Қызылжар-Мойынты»
учаскесіндегі жұмыстар бірінші жартыжылдықта аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ,
автожолдардың сапасын сақтауға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берген болатын. Осы мақсатта
елімізде автоматтандырылған өлшеу жүйелері орнатылып жатыр. 2026 жылы олардың
жалпы санын 126-ға жеткізу көзделуде.
Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Мұндай датчиктерді орнатуды іс жүзінде бастап кеттік. Олар не үшін қызмет
етеді? Олардың көмегімен автоматтандырылған өлшеу жүйелері шамадан тыс
жүктемені анықтайды. Және жол жамылғысының бұзылуын болдырмау үшін көлік
құралдарының өлшемдері туралы ақпаратты жедел түрде жіберіп отырады. Шамадан
тыс жүктеме болған жағдайда, көлік иесіне айыппұл салынады.
Сондай-ақ, келесі айда Ақтау портын тереңдету жұмыстарын жүргізу жоспарда. Жобаны
жүзеге асыру көптеген мүмкіндікке жол ашады. Осылайша бәсекеге қабілеттілік
артпақ. Сауда флотын дамыту аясында 8 жаңа кеме сатып алу жоспарланып отыр.

