Астанада 150-ге жуық қолжазба таныстырылды

Қазақ халқының тарихы туралы сыр шертетін 150-ге жуық қолжазба табылды. Оларды қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары ғылыми экспедиция барысында анықтаған. Құжаттардың дені Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Абай облыстарында жеке қорларда және мешіттерде сақталып келген. Қолжазбалар араб, парсы, шағатай және түркі тілдерінде жазылған. Ерекше атап өтетіні – 1904 жылы Қазан баспасында шыққан Қожа Ахмет Яссауидың Диуани Хикмет поэзиялық шығармасы. Сонымен қатар, қасиетті Құран Кәрімнің жекелеген бөліктері де табылды.

Гүлсім Бисенова, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бас сарапшысы:

-12 ғасырдағы құнды жазба ескерткіштің бірі, Қожа Ахмет Яссауидың шәкірті – Бақырғанидың кітабы. Сонымен қатар, 19 ғасырдағы ең ірі татар тарихшысы Шихабетдин Марджанидің «аль-Мустафад» кітабы. Бұл кітаптың маңыздылығы – жалпы түркі тарихын қамтитын болса, соның ішінде Қазақстан тарихына қатысты, біздің хандар шежіресі туралы көптеген құнды мәлімет беретін кітаптар.