АI саласы - Қазақстан үшін
стратегиялық бағыт. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өткен Жасанды
интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында айтты. Замана көшінен қалыс қалмау үшін еліміз
цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Бұл ретте Мемлекет басшысы цифрлық
экономиканың Жалпы ішкі өнімге қосқан үлесін бағалауды
және барлық мемлекеттік органдарға салаларды есепке алу жүйесін енгізу
қажеттігіне
тоқталды. Үкіметке тиісті тапсырма берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
- Мемлекеттік деректердің
бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды интеллектіден пайда жоқ. Осы орайда
мемлекеттік сервистерді көзге көрінбейтін, бірақ өте тиімді операциялық жүйеге трансформациялау
керек. Сонда шамадан тыс бюрократиялық талаптардан құтыламыз. Қазіргі жүйе
бойынша сұраныс жіберуден бастап шешім қабылдауға дейінгі аралыққа бірнеше күн
немесе бірнеше апта кетеді. Негізі, аталған цикл бірнеше секундқа дейін
қысқаруға тиіс. Сол кезде елдегі капитал айналымы жеделдей түседі.
Экономиканы цифрландыру заман талабы. Мұны барша әлем түйсінді. Біріккен
Араб Әмірліктері қолма-қол төлемсіз экономикаға көшпек. Қытай жыл сайынғы триллион
доллар транзакцияларды цифрлық платформада өңдеу ісін жолға қойды. Қазақстан да бұл бағытта
оң нәтижеге қол жеткізді: еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 80
пайыздан асты. Үкімет пен Ұлттық банк цифрлық активтерді дамытудың басты
бағыттарын бекітіп, еліміздің аймақтағы
жетекші криптохабқа айналуын
қамтамасыз етуі тиіс. Тиісті инфрақұрылым
технологиялық дербестіктің алғышарты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
- Сенімді цифрлық
инфрақұрылым еліміздің стратегиялық активіне айналуға тиіс. Үкімет «Деректерді
өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын мұқият пысықтауы қажет. Бұл ретте
халықаралық стандарттар және осы саладағы жетекші компаниялар бекіткен талаптар
ескерілуге тиіс. Ең бастысы, бұл аса маңызды жоспар еліміздің сұранысына сай
және заманауи озық үрдістерді ескере отырып жасалғаны жөн.
Мемлекет басшысы қазақ тілін цифрлық жүйелерге толық
кіріктіру керек деді.
Үкімет жасанды интеллект үлгілерін оқыту үшін архивтердегі және қолданыстағы
мәліметтерді сапалы деректер торабына жинақтауға тиіс. Бұдан бөлек,
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі деректер сапасын айқындайтын
ұлттық стандартты бекітеді. Қасым-Жомарт
Тоқаев қолданбалы әзірлемелерді тез арада
коммерцияландырып, салықтық
ынталандыру және келешегінен көп үміт күттіретін жобаларды бірлесе қаржыландыру
құралдары қарастырылған толыққанды венчурлық экожүйе қалыптастыруды тапсырды. Президент
Кеңестің келесі отырысын жасанды интеллектіні
өнеркәсіпке енгізу мәселесіне
арнауды ұсынды.

