Көкпар мен көкбөріден Қазақстан Ұлттық құрама командалары Елордалық «Қазанат» ипподромының алаңында жаттығуға кірісті.
Айта кетейік, дәл осында V Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындарының жарыстары өтеді. Осы спорт түрлерінен әр командада 12 ойыншы болады.
Құрманбек Тұрғанбек, көкпардан Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны:
– V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қазақстан құрамасы, Алла қаласа, сақадай саймыз. Өзіміз де, аттарымыз да үйреніссін деп Астанаға келіп алдық. Бүгін алаңмен таныстық, құмға да аттарымызды үйретіп жатырмыз. Алаң сапасы, барлығы керемет. Өзімізге артылған жүктің ауыр екенін білеміз. Соны барынша ақтап, алып шығуға тырысамыз.
Ұлан Байтөреев, көкпардан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі:
– Көшпенділер ойындарына бүгін, Бисмиллаһ, - деп бірінші рет келіп тұрмыз. Ойын алаңы, барлығы әдемі, жақсы соғылған. Стадион әдемі. Жайлы аттарға, жер-құмы ыңғайлы. Сапасы да жақсы. Дайындық жақсы ғой. Үш айдан бері дайындалып жатырмыз.
Ат үстінде ойқастап, серкені жұла тартатын шабандоздардың тартысты бәсекесін көремін деушілер Астанадағы ипподромда 9 мен 12 қыркүйек аралығында тамашалай алады. Дәл осы күндері көкпар мен көкбөрі бойынша сайыстар өтеді.
Естеріңізге сала кетсек, ашылу салтанаты мен барлық жарыстарға билеттерді ресми оператордың сайтында онлайн-режимде сатып алуға болады.