Қазы әлемнің үздік 100 шұжығының қатарына кірді

Қазы «Әлемнің үздік 100 шұжығы» рейтингіне енді. Бұл тізімді TasteAtlas электронды энциклопедиясы жасады. Халықаралық гастрономиялық нұсқаулықта әлемнің әр бұрышындағы тағамдар, сусындар мен қоспалар жайлы ақпарат келтірілген. Жылқы етінен жасалған дәстүрлі қазақ шұжығы рейтингте 81-орынға жайғасты.

Қазыдан өзге шұжықтарға тоқтала кетсек, немістің боквурсты жоғары орынды иеленсе, швециялық дәстүрлі принцкорв одан сәл төмен орналасты. Ал ең үздік шұжық болып, португалдық альйера танылды.

Айта кетейік, Қазақстан – «Әлемнің үздік 100 шұжығы» рейтингіне ұлттық тағамы енген Орталық Азия ғана емес, ТМД елдеріндегі алғашқы мемлекет. 

Тізімді сайт қолданушылары жасағанын да айта кеткен жөн. Бұл электронды тұғырнама әлем елдерінің дәстүрлі тағамдарын насихаттау үшін жасалған.