Астанада Қазақстандағы Қытайдың
туризм жылының ресми ашылу салтанаты өтті. Оның шымылдығы тақырыптық көрме және
туристік форуммен түрілді. Жиында жыл соңына дейін екі ел арасында төрт жаңа
әуе рейсі ашылатыны белгілі болды. Өйткені Қазақстанды қызықтауды қалайтын аспан
асты елі саяхатшылардың қатары күрт артып келеді. Жалпы соңғы 5 жылда қытайлық
туристер ағыны 9 есе ұлғайған. Былтырдың өзінде олардың саны 655 мыңға жетті.
Биылда елге аяқ басатын қытайлық азаматтардың қарасы қалың болады деп күтілуде.
Нұрбол Байжанов, ҚР Туризм және спорт министрлігінің индустрия және туризм
комитеті басқармасының басшысы:
- Еліміздің қалаларында түрлі тақырыптарды қамтитын туризм
апталықтары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, елдеріміздің туристік компаниялары
арасында кездесулер өтеді. Бүгінде 50-ге тарта рейс жүзеге асырылып жатыр. Жыл
соңына дейін Ченду-Алматы, Шанхай-Алматы, Шаңхай -Шымкент және Сиянь-Шымкент
арасында жаңа әуе рейстері ашылады.
Қазақстандағы Қытай туризмі жылы аясында Welcome Chinese бағдарламасы іске
қосылады. Ол отандық туристік және өзгеде қызметтік компанияларға аспан асты
елінің меймандарына барынша қонақжайлық таныту үшін жағдай жасайды. Сондай-ақ,
білім мен тәжірибе алмасу үшін екі елдің салалық жоғары оқу орындары арасында
академиялық ұтқырлықты күшейту көзделіп отыр. Сондай-ақ, туризм, спорт пен
мәдениетті біріктіретін бірегей шекаралық марафон өткізу жоспарда бар.
Әлішер Тұрсын, «Kazakh Tourism» ҰК жобаларды
сүйемелдеу департаментінің директоры:
- Инвестициялық портфелі 5 млрд доллардан асатын ірі компаниямен кездесу
өтті. Бұл шын мәнінде қомақты қаржы. Қазіргі таңда біз туристік бағыттағы
әлеуетті серіктестерімізді қызықтыратын түрлі жобаларды ұсынып отырмыз. Бұл ең
алдымен отандық туризм саласын дамыту үшін қажет.

