Тазы төл қазақы тұқым ретінде ресми түрде патенттелді. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік комиссиясының шешімі негізінде бұны айғақтайтын құжаттың тіркелгені жөнінде Ұлттық Зияткерлік меншік институты мәлімдеді. Аталған патенттің иесі ұлттық ит тұқымдарын сақтауды өз мойнына алған «Қансонар» аңшылар қауымдастығы. Яғни, төбет пен қазақ тазысының санын көбейтіп, тұқымдарға қызығушылықты арттырумен айналысады. Соңғысының саны республиканың аймақтық тәлімбақтарында қалпына келтірілді. Ең алғаш рет Ұлы дала төсінде бапталған құмай тазы табиғаттың кез-келген тылсым мінезіне жақсы бейімделген. Бірегей дене бітімі мен жоғары жүйке қызметі өзге тұқымдардан ерекшелеп тұрады. Айта кетейік Қазақстан Президенті 2023 жылы қазақтың тазы және төбет ит тұқымдарын мемлекеттік қорғауға енгізген заңға қол қойды. Ал, былтыр Халықаралық кинологиялық федерациясы қазақы тазыны алдын ала ресми тұқым ретінде мойындап, Қазақстанды оның стандартының иесі деп бекітті.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

