Өткен демалыс күндері Астана балет театрында қос бірдей премьера сахналанды. Густав Малердің музыкасына Айнұр Әбілғазина «Soli Deo Gloria» және Олжас Маханбетәлиев Лиза Джеррард музыкасына құрылған «Nine» спектакльдерін қойды. Көз-қарасы әр қилы хореографтар екі бөлек туынды әзірлеген. Дегенмен, қос еңбекті біріктіру заманауи хореография мектебінің жаңа буынының тынысын танытып отыр. Айнұрдың айтуынша, оның қойылымында басты кейіпкердің бір әлемнен екінші әлемге ауысатын сезімдері туралы баяндалады. Алайда сюжеттің негізгі идеясы бұл емес, дейді хореограф.
Айнұр Әбілғазина, Soli Deo Gloria балетінің хореографы:
Бұл – өмір жолы мен өмірдегі орныңды іздеу жайлы балет. Қойылым жұмыр жердегі бейнесімен қош айтысып, о дүниеге қадам басқан басты кейіпкердің жанының кеңістікте жүру сәтінен басталады. Ол жерде рух қайтыс болған туыстарымен кездесетініне сенімді болады. Бірақ ол жерден өз таныстарын кезіктіре алмай, оларды іздей бастайды. Енді бір кезеңге өтпес бұрын рух бір сәтке тоқтап, өткен өміріне баға береді. Дүниеге келген сәтінен бастап, алғашқы махаббатын кездестіргенін көз алдынан өткізеді.
Олжас Махамбеталиевтің хореографиясындағы Nine спектаклі бірнеше би бағыттарының синтезі стилінде дайындалған. Қоюшы философиялық тақырыпты негізге алған. Оның айтуынша, бұл қойылым адам баласының өмірден өз орнын іздеу және табу жолына арналады.
Нұрлан Қанетов, «Астана балет театрының» көркемдік жетекшісі:
Менің ойымша, бұл өте сәтті шыққан қойылым. Бұл мүлдем жаңа бағыттағы жаңа авторлық спектакльдер. Қоюшы режиссерлары – театрымыздың жас хореографтары. Біз өз кезегімізде жас хореографтардың дамуына қолдау көрсету мақсатында біздің театр сахнасында жаңа спектакльдерді қоюға мүмкіндік береміз. Биылғы маусым –10-жылдық мерейтойлық маусыммен тұспа-тұс келіп тұр. Сондай-ақ жас хореографтар үшін спектакль қоюға үлкен мүмкіндік. Мамыр айында біз «Ашық сахна» байқауы жеңімпаздарының премьерасын ұсынатын боламыз. Бұл күні финалистер «Жеті Қазына» атты өз жұмыстарын көпшілікке тарту етеді.