Қазақстандық шеберлер Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұзындығы 1,5 шақырым болатын құрақ тігіп, қатысушылар мен қонақтарды таңғалдырмақ. Шеберлер тың туындысын «Аламан құрақ» деп атапты. Құрақ құрауға елдің барлық өңірінен 500 тігінші қатысады. Астанаға баратын әрбір тігінші 2,5 метрден құрақ алып баруы шарт. Артынша, көрпелер бір-біріне жалғанады. Бұл жобаға 9 жасар Аяла Сапарбек те өз үлесін қоспақ. Анасына еліктеп, жасынан ине-жіпке құмартқан ол қазір өздігінен көрпе тігуге қауқарлы.
Аяла Сапарбек, жас тігінші:
– Анам тігінші, дизайнер болғандықтан, анамды бақылап өстім. Сол кезден бері менің тігінге деген махаббатым ашылып, кішкентай кезімнен тігінді үйрендім. Қазіргі таңдағы басты мақсатым – анамның жолын жалғап тігінші-дизайнер болу.
Бұған дейін ақ жаулықты шеберлер командасы ұзындығы 500 метр болатын көрпе тігіп, Қазақстанның рекордтар кітабына кірген. Бірақ, мұнымен тоқтап қалмақ емес. Басты мақсат – қазақ халқының киізден жасалған көрпелері, ондағы ою-өрнектер мен қазақ мәдениеті және өнерін шетелдік қонақтарға көрсету.
Бибіхадиша Жетібаева, шебер:
– Бізге осы құрақты шашпай-төкпей алақанымызға салды ғой осы құрақты. Енді біз де кейінгі буынға осы құрақты жаңа үлгіде қалдырып кетсек. «Аламан құрақтың» мақсаты осы ауызбіршілікті көрсету, Қазақстанның ұйымшылдығын көрсету. Барлығымыз жиналып бір қолдан шыққандай қылып бір көрпешені тігіп апарып жаямыз. Жайған кезде төбеден қарағанда кілем жайылған сияқты болып көрініп тұрады да. Енді сонымен, Гиннеске енеміз деп отырмыз.