Қазақстан мен Қытай шекарасында
орналасқан «Майқапшағай» өткізу пунктіне баратын жол қайта жаңғыртылды. Еліміздің
шығыс өңірін басып өтетін күре жолға Президенттің тапсырмасымен ауқымды жөндеу
жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде екі жолақтан 6 жолаққа дейін кеңейтілген магисталь
Қазақстан, Ресей және Қытай арасындағы транзиттік байланысты нығайтуға
бағытталған. Ол Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізінің мағызды буыны.
Бұл елдегі ең ірі жобалардың бірі. 415 шақырым жаңа жолды төсеуге 2 мыңға жуық
маман тартылған. Инженерлер сапаға үлкен мән берілгенін айтады. Бүгінгі таңда
Қалбатау-Майқапшағай тас жолы көліктердің қатынуы мен жүктердің ағынын
қабылдауға дайын.
Дәулет Серікбаев, «Қазавтожол» ҰК
облыстық филиалының бас маманы:
- Қазіргі таңда барлық негізгі
жөндеу жұмыстары аяқталып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оған 2,5 млрд
теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Мақсұтбек Сәлімғожинов, Жоба
жетекшісі:
- Майқапшағайдың қазақстандық
жағында алты жолақты жол салынды. Осының арқасында транзиттік дәліздің өткізу
қабілеті бірнеше есе артты. Көлік кептелістері азайды. Осылайша, Қазақстанның өзге
елдермен логистикалық байланысы әлдеқайда жақсара түсті. Бұндай аса ауқымды әрі
ел үшін маңызды жобаға үлес қосып жатырмыз.
Ендігі мақсат өткізу пунктіндегі
кіреберіс жолдарды толық жаңғырту. Алты жолақты жол шекаралық терминалға дейін
жетеді. Қазір мұнда жүк көліктері үшін кең тұрақ салынып жатыр. Электронды кезек
жүйесі ендірілді. Көлік дәлізінің ашылуы Қазақстанның транзиттік әлеуетіне жаңа
серпін береді дейді мамандар.

