Ақордада Чех Республикасының Премьер-министрін қарсы алу рәсімі өтті. Андрей Бабиш Қазақстанда ресми сапармен жүр. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чехия Үкіметі басшысы бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Екі елдің әнұрандары орындалды.
Одан кейін Қазақстан Президенті мен Чехия Премьер-министрі келіссөз жүргізді. Тараптар өнеркәсіп, көлік-логистика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларындағы өзара ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Чехия Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екеніне назар аударып, өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтудың әлеуеті мол екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тауар айналымының динамикасы көңіл көншітерліктей. Әрине, біз алдағы уақытта да сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ниеттіміз. Бүгінде елімізде 190-нан астам чех компаниясы жұмыс істеп жатыр, соның ішінде Škoda, Omnipol, Tatra және ZVVZ секілді маңдайалды кәсіпорындар мен басқа да өндіріс саласындағы сенімді әріптестеріміз бар. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол.
Өз кезегінде Андрей Бабиш Қасым-Жомарт Тоқаевты жаңа Конституция қабылдау бойынша референдумның табысты өтуімен құттықтады. Сондай-ақ Чех Премьер-Министрі еліміздің түрлі салада жеткен жетістіктеріне жоғары баға берді.
Андрей Бабиш, Чехия Республикасының Премьер-министрі:
- Ең алдымен, энергетика саласындағы ықпалдастықты нығайтқымыз келеді. Сіздің елден ұзақ мерзімді мұнай тасымалына мүдделіміз. Энергетика саласын дамыту стратегиямыз атом энергиясына арқа сүйейді. Сондықтан Қазақстанға әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекет ретінде де қызығушылық танытамыз.
Қазақстан Президенті Андрей Бабиштің Чехияға сапармен келуге шақыруын ықыласпен қабыл алды. Қасым-Жомарт Тоқаев Чехия Премьер-министрін қос ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

