Жаһандық экономикаға дамудың жаңа парадигмасы керек. Бұл туралы
Қасым-Жомарт Тоқаев 23-ші Боао Азия форумының ашылуында айтты. Әсіресе, қазір
әлемде құбылмалы геосаяси ахуал мен экономикалық қиыншылық
туындауда. Осындай жағдайда Азия өңірінің әлеуеті зор, деп атап өтті Қазақстан
Президенті. Биыл Азия елдері әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60% өсіміне
қол жеткізеді деп күтілуде. Осы ретте азиялық және қытайлық экономикамен
белсенді қарым-қатынас оранаған қазақстандық экономиканың дамуына жаңа серпін беріледі.
Аспан асты елінің аймақтағы сауда-саттығы мен салған инвестициясының тең
жартысы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы
41 млрд долларға жетіп, тарихи рекорд орнады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайызды құрады.
Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. Біз
ортамерзімді перспективада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап
тұруды және 2029 жылға қарай оның көлемін екі есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мен жаңа экономикалық бағытты жарияладым. Қазақстандағы
ашық есік саясаты, мол ресурстар және либералды нарықтық реформалар көптеген
шетелдік, соның ішінде қытайлық компаниялардың да назарын аударды.
Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге тек бірлесіп
қарсы тұруға болады. Әлемге әділдік пен ашықтық қағидаттарына негізделген жаңа
әрі көпжақты сауда жүйесі керек. Ауыл шаруашылығында да ынтымақтастықты арттыру
қажет. Бірлескен агроинновациялық орталықтар құру және инновациялық
технологиялар трансферті азық-түлік қауіпсіздігі проблемаларын шешуге мүмкіндік
береді. Қазақстан өңірдегі жетекші астық өндіруші ретінде жаһандық қолдау үшін
өз әлеуетін пайдалануға ниетті. Тауарларды азиялық көлік дәліздері мен Транскаспий
халықаралық бағыты бойынша жеткізуге болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті :
-Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе «Орта дәліз» осы санатқа жатады. Аталған көлік бағдары Азия мен Еуропа арасындағы жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін әлдеқайда тиімді қамтамасыз етеді. Былтыр осы бағыттағы жүк тасымалы екі есе артып, 3 миллион тоннаға жетті. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 10 миллион тоннаға жетеді деген болжам жасап отырмыз.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялық ынтымақтастықты, нығайту
маңызды екенін атап өтті. Осы орайда Президент Азияның жетекші технологиялық
алпауыттарын серіктестік орнатуға шақырды. Оның үстіне, елімізде сирек
металлдардың кен орындары бар. Өз кезегінде олар технологиялық шешімдердің
алғышарты. Сондықтан, бұл ынтымақтастықтың тағы бір перспективті бағыты
саналады.