Қазақстанның Жапониямен тауар айналымы 1,3 млрд долларға жетті

Қазақстанның Жапониямен тауар айналымы 1,3 млрд долларға жетті

Қазақстан мен Жапония қарым-қатынасының даму қарқыны серпін ала түсті. Елші Ясумаса Ииджима қос ел табиғи ресурстар, транзит және гуманитарлық алмасу сияқты негізгі бағыттардағы ынтымақтастық аясын кеңейтіп жатқанын атап өтті. Логистика саласындағы әріптестікке ерекше назар аударылады. Осы орайда «Орта дәлізді»  жетілдіруге басымдық беріліп келеді. Жапония тарабы жобаны іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Дипломаттың айтуынша, елдер өзге де салаларда тығыз әріптестік орнатқан.

Ясумаса Ииджима, Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Былтыр 10 мыңға жуық виза берілді. Биыл олардың саны шамамен осы көрсеткіштің тең жартысына дейін ұлғаяды деп күтілуде. Жыл сайын Астана мен Алматы қалаларында өткізілетін жапон тілі деңгейін анықтау емтиханына қатысушылардың саны да рекордтық деңгейге жетті. Сондай-ақ, Қазақстанда жапондық аниме мен манга  танымал, олар қазақ тіліне аударылады. Елшілік жапон мәдениетімен байланысты танымдық іс-шараларды одан әрі жалғастыратын болады. Оларға көпшіліктің қызығушылығы мен қолдауына үміттіміз.

Қазақстан мен Жапония 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Бүгінде өзара алыс-беріс, барыс келіс жағы белсенді түрде дамып келеді. Биыл арадағы сауда айналымы 1млрд 300 млн долларға жетті. Негізінен Қазақстан күншығыс еліне ферроқорытпа, тантал, өңделмеген алюминий, химия және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды. Ал Жапониядан кері бағытта электр генераторлық қондырғылар, автомобильдер мен тұрмыстық техника импортталады. Екіжақты академиялық әріптестік те жаңа деңгейге көтерілуде.

Серік Мейірманов, Ritsumeikan Азия-Тынық мұхиты университетінің вице-президенті:

- Қазақстан мен Жапония арасында академиялық ұтқырлық тұрғысынан алмасу жағы кең етек жайып келеді. Бұл жолы Қазақстан делегациясымен бірге жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек те келеді. Біздің университет Қазақстанның жоғары білім және ғылым министрлігімен ынтымақтастық туралы шарт жасасуды жоспарлап отыр. Яғни, бірлескен жобалар қолға алынады. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?