Шетелдік
саясаттанушылар Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасын талқылауда. Сарапшылар
алдағы референдум елдің саяси дамуы үшін маңызды кезең болатынын атап
көрсетеді. Сондай-ақ оны халықаралық сын-қатерлерге бейімделуі үшін негізгі
құрал ретінде қарастырады. Осы ретте әзербайжандық саясаттанушы Орхан Йолчуев
жаңа Ата заң Қазақстанға құқықтық кепілдіктерді күшейтуге ықпал ететінін
айтады. Бұл өз кезегінде инвесторлар үшін жағдайдың неғұрлым болжамдылығын
арттырып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Ол елдің соңғы
ондаған жыл бойы тұрақты дамып келе жатқанын да атап өтті. Бұл өзгерістердің
ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз ете алатынын алға тартады.
Орхан Йолчуев,
Caspia сараптамалық орталығының директоры /Әзербайжан/:
- Ел саяси
құрылымын қайтадан толық ой елегінен өткізу кезеңіне аяқ басты. Бұл процесс
Қазақстанның орта деңгейдегі мемлекет ретінде дамып келе жатқан жағдайында
жүріп жатыр. Сонымен қатар осының аясында цифрландыру, экономикалық өзгерістер,
жаңа технологиялардың пайда болуы мемлекетті басқару логикасын өзгертуде.
Егерде кеңінен алып қарайтын болсақ, қолға алынған реформа Қазақстанның соңғы
бірнеше жылда жүргізген жұмысының лайықты жалғасы деуге болады. Осының бәрі
жаңғыруға, ашықтыққа бағытталған.
Ал Гарвард
университетінің профессоры Рахметолла Закарья Қазақстанның жаңа Конституциясы интеллектуалдық
көшбасшылыққа, технологиялық жаңаруға және елдің тұрақтылығына бағытталғанын
алға тартады. Сондықтан Негізгі заң да уақыт талабына сай жаңарып, қоғамның
жаңа қажеттіліктеріне жауап беруі уақтылы қадам деп санайды. Конституциялық
нормалар ғылыми шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк бередi. Сондай-ақ зерттеуге
жағдай жасау жауапкершiлiгiн мемлекетке жүктейдi. Сарапшы жаңа Ата заң білім
беруді дамыту, жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтарын қолдау үшін ұзақ
мерзімді іргетас қалайтынын атап өтті.
Рахметолла
Закарья, Гарвард университетінің шақырылған профессоры /АҚШ/:
- Бұл әсіресе жас
ғалымдар үшін аса маңызды. Елде тұрақты гранттар, ғылыми мектептерді қолдау
және шетелдік әріптестермен жұмыс істеу үшін барлық жағдайлар жасалуы тиіс. Егерде
ғылымды дамыту мемлекеттің басымдығына айналса, онда жас зерттеушілерді қолдау
бір реттік бастама болудан қалады, демек, дарынды мамандар өз елінде болашағын
құру мүмкіндігіне ие болады.

