АЭС салу туралы референдумның түпкілікті нәтижесі жарияланды

Бес жарым млн-нан астам қазақстандық атом электр станциясының құрылысын қолдайды. Осы мәселеге орай өткен республикалық референдумның түпкілікті қорытындысы жарияланды. Жалпы елімізде референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың 63%-дан астамы таңдау жасады. 71%-дан жоғары дауыс беруші Қазақстанда АЭС салуды жақтаған. 

Еске сала кетейік, референдум барысын ел белсенділерімен қатар, 30 сырт мемлекеттің 177 бақылаушысы және 4 халықаралық ұйымның өкілдері қадағалап, 200 шетелдік тілші ақпарат таратты. 

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы:

– Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйым байқаушыларының бағалауына сай референдум қолданыстағы Ұлттық заңнамаға және Қазақстан Республикасының қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес өткізілгені, азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді қатысқаны және азаматтар саналы таңдау жасау үшін барынша қолайлы жағдайлардың қамтамасыз етілгені атап көрсетілген.