Кремльде Қазақстан мен Ресей Президенттері бейресми кездесу өткізді. Еске
сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге
мемлекеттік сапармен барды. Мемлекет басшысы ерекше сый- құрмет үшін ризашылығын
білдіріп, екі елдің ынтымақтастығы стратегиялық әріптестік сипатында екенін
атап өтті. Әңгіме барысында Ресей көшбасшысы бейресми жағдайда тараптар үшін
ерекше қызығушылық тудыратын бірқатар мәселелер талқыланатынын тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шын мәнінде, Ресей астанасындағы ыстық ықылас мені қатты таңғалдырды әрі
қуантты. Екіжақты ынтымақтастық стратегиялық серіктестік, одақтастық қатынастар
сипатына ие. Барлық бағытта бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Мемлекеттеріміз
арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мәселе туындаған күннің өзінде президенттер мен
үкіметтер басшыларының күш-жігері арқасында оң шешімін табады. Сіздің
шақыруыңызды зор ықыласпен қабыл алдым.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, ең алдымен, Сізге уақыт тауып,
келіскеніміздей, мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Бұған шын
жүректен қуаныштымын. Әрине, біз ұдайы байланыстамыз. Алайда мемлекетаралық
қатынастарда мұндай протоколдық дүниелер де маңызды. Бүгін бейресми жағдайда
кездесіп, барлық өзекті мәселе бойынша әңгімелесеміз. Ал ертең әріптестермен
бірге екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін қарастырамыз және перспективті
бағыттарға назар аударамыз.

