Астана бүгін тағы жаһандық рухани диалогтың орталығына айналды. Әлемдік
және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне қатысу үшін Қазақстан
астанасында төрткүл дүниенің жер-жерінен түрлі конфессиялардың беделді өкілдері
жиналды. Бұл Съезд тарихындағы ең көп қатысушылар бас қосты. Өз сөзінде
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі ахуал шиеленісе түскенін, қақтығыстар
мен сауда соғыстары және қару-жарақ бәйгесі өршіп баратынын атап өтті. Бұған
тек ашық және сындарлы диалог қана қарсы тұра алады. Осы дүрбелең кезеңде
адамдар арасындағы сенімді нығайту ісінде діни лидерлерге үлкен үміт артылады.
Мемлекет басшысы дәстрлі жиынға қатысушыларды Қазақстанның дінаралық және
мәдениетаралық диалогты нығайту жолындағы әлеуетті бастамаларынан құлағдар
етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осыған дейінгі Съезд аясында көтерген «Бейбітшілік қозғалысы» атты идеямды
талқылауды ұсынамын. Жоғарғы дін қызметкерлері зорлық-зомбылықты тоқтатуға және
бітімге келу жолдарын іздеуге ешқандай саяси реңксіз, бейтарап үндеу жасау
арқылы аталған қозғалысқа моральдық тұрғыдан демеу бола алар еді. Адам өмірінің
құны, жанашырлық пен мейірбандық секілді жалпыға ортақ құндылықтарға
негізделген бұл бастама діндар қауымды ғана емес, саясаткерлерді, халықаралық
ұйымдар мен мемлекеттік емес құрылымдар өкілдерін, сарапшыларды, тіпті жастарды
да біріктіре алады.
Әлемде ядролық қақтығыстардың, сондай-ақ экологиялық апаттың қаупі де
алаңдаушылық туғызады. Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруіне қарсы күресте
рухани көшбасшылардың рөлі туралы бірлескен құжат әзірлеуді ұсынды. Президент
сондай-ақ жаңа технологиялық дәуірдің басында жасанды интеллект пен үлкен
деректер жаппай кәдеге жаратылып жатқан жағдайда этикалық нормаларды сақтау
туралы мәселеге де тоқталып өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құруды
ұсынамын. Ол нейрожелілер мен басқа да серпінді технологияларды
жауапкершілікпен пайдаланудың әмбебап қағидаттарын әзірлеумен айналысады. Бұл
жерде «алгоритмдерге арналған қағидалар» жинағын әзірлеу туралы сөз болып отыр.
Онда адамның қадір-қасиетін құрметтеу, дискриминацияға жол бермеу, аса маңызды
шешімдерді бақылауда ұстау мәселелері ескерілуге тиіс.
Оның үстіне,
гуманитарлық көмектің маңыздылығын да ұмытпау керек, деп атап өтті Қазақстан
Президенті. Мұқтаж жандарға қол ұшын беру қажет. Біздің еліміздің бастамасымен
құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы да осы бағытта жұмыс
істейді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның достық үлгісіне тағы да назар
аударды. Елімізде 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі бейбітшілік пен
келісімде бір мүдеге ұйып отыр. Толеранттылықтың қазақстандық моделінің негізін
«бірлік әралуандықта» қағидаты құрайды. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев
форумның бір топ қатысушыларына мемлекеттік наградаларды, Дінаралық диалогқа
қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығын, Съездің құрмет медалін,
сондай-ақ Ізгі ниет елшілерінің айрықша белгісін табыстады.

