Қазақстанның тау-кен өнеркәсібі инвестиция көлемі бойынша көш бастап тұр. Биыл салаға құйылған қаржы шамамен 20% артқан. Мұндай дерек Астанада MINEX Қазақстан халықаралық форумында айтылды. Осымен 15-ші рет өткен шараға әлемнің 30 елінен 200-ге жуық компания өкілі жиналды. Сарапшылар мұндай қызығушылықты қойнауы кенге бай Қазақстанның уран, мыс және сирек кездесетін металдардың үлкен қорымен байланыстырады. Ірі халықаралық компаниялар қазірдің өзінде барлау жұмыстарын жүргізіп, ауқымды жобаларға қаржы құюға мүдделі. Шетел мамандары мұны еліміздегі инвесторлар үшін қолайлы жағдаймен байланыстырады. Қазақстан салаға озық технологиялар тартып, халықаралық тәжірибелерді жаппай енгізіп жатыр.
Артур Поляков, Minex Қазақстан форумының төрағасы:
- Біздің пікірімізше, Қазақстан - Орталық Азия өңірінде бірінші болып ғылым мен осы индустрияны үндестіріп, бірге дамытып келеді. Яғни, бұл бағытта көшбасшы. Қазақстан саланы жетілдіру үшін Еуропалық Одақтың тәжірибесін пайдалана алды. Яғни, нақты бір саланы жаңғырту және оған инновациялар енгізуге бағытталған қаржы тікелей өндірушілердің қатысуымен тендерлер, консорциялар арқылы мақсатты түрде бөлінеді.
Ерлан Галиев, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы:
- Біз фин, француз, британ, америка геологиялық қызметтерімен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Қазір осы халықаралық әріптестіктің жемісін көріп отырмыз. Ынтымақтастық аясында олар бізге оқыту, жаңа технологияларды және ең бастысы отандық геология саласына әлемдік стандарттарды енгізуге көмектеседі.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

