Алдағы 5 жылда еліміздің аумағында аталған бағыттарда бірқатар бірлескен жобалар қолға алынбақ. Тараптар өзара тәжірибе бөлісіп, шеберлік алмасуға уағдаласты. Еуропалық елдің компаниялары біздің экономикаға инвестиция құюға дайын екендерін жеткізді. Ынта бар, мақсат айқын, ендігі кезек осыны іске асыру. Әлеуетті келісімдерге елордада өткен Қазақстан-Испания Іскерлік кеңесінің отырысында қол жеткізілді.
Қайрат Төребаев, ҚР сауда және интеграция вице-министрі:
- Өткен жылы испандық компаниялар бізге 20,7 млн доллар көлемінде инвестиция салды. Осы жол бұл елден фармацевтика, жеміс – көкөніс өнімдерін сақтау, өндіріс және жоғары технологиялар бағытына инвестиция тарту көзделіп отыр. Жалпы былтыр елдеріміз арасында тауар айналымы 41,7% өсіп, 2,6 млрд долларды құрады. Екі жақты алыс-беріс көрсеткішінде экспорттың үлесі басым. Бізден жалпы құны 2,5 млрд доллардан асқан өнімдер жеткізілді. Біз тек 262 млн доллардың өнімін импорттадық.
Испаниялық компаниялар елімізде жаңа жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға үлес қоса алады. Мәселен, су ресурстарын сақтау және тазалауға қатысты тың жобаларды бастауға әзір. Айта кетейік, бұл елдің тіршілік көздері өзгелерге қарағанда әлеқайда таза әрі ағзаға еш зияны жоқ деп танылған. Бұған қоса олардың тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеуде үлкен тәжірибесі бар.
Егор Дунаев, Испания-Қазақстан жобалық кеңсесінің вице-президенті:
- Қазақстан экономикалық моделі мен өндірісі жетілген елдердің бірі. Бизнеске қолайлы жағдайлар жасалған. Испаниялық компаниялар бұны жақсы біледі. Сондықтан инвестиция құюға, бірлескен жобалар жасауға қызығушылық танытып жатыр. Бұл бағытта екі жақты үлкен жұмыс атқарылды. Ендігі - мақсат қазақстандық әріптестермен бірігіп іс жүзінде іске қосу.