16 наурыз – Мәдениет пен ұлттық дәстүрлер күні

Наурызнама онкүндігінде 16 наурыз – мәдениет пен ұлттық дәстүрлер күні. Осыған орай, Алматыда «Тәрбие басы – тал бесік» көрмесі ашылды. Экспозиция ұлттық дәстүрлерге арналған халықаралық форум аясында ұйымдастырылып отыр. Оған орталық музей қорындағы 15 жәдігер қойылды, әрі алғаш рет бесіктер коллекциясы да қонақтар назарына ұсынылды. Олар түрлі кезеңдерде әзірленген, тіпті, жаңа үлгілері де бар. Десе де, солардың арасында ағаштан жасалып, оймыштау тәсілі арқылы безендірілген 120 жылдық тарихы бар ең көне бесік бар. Бір ғасырдан астам қолданыста болған бесікке төрт ұрпақтан 26 бала бөленген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге қойылған жәдігерлер қазақ халқының баланың дүниеге келе сала, рухани әрі физикалық өсуіне қаншалықты көңіл бөлгенін көрсетеді.

 

Маржан Жүнісова, ҚР Орталық музейінің бөлім жетекшісі:

– Бесік тек қазақ халқы үшін ғана емес, Кавказ, Қытай, Үндістан мен Орта Азияны мекендеген ұлттар үшін де өте маңызды болған. Оған себеп, бесік – енді дүние есігін ашқан сәбиді көз бен сөзден қорғаған. Археологиялық қазбалар кезінде табылған ерте кездегі бесіктерге қарасақ, оның көшпенді өмірге қаншалықты бейімделгенін әрі өте ыңғайлы болғанын да түсінуге болады.

 

Умит Әшімова, ҚР Орталық музейінің қызметкері:

– Бұл бесіктердің әрқайсының өзіне тән тарихы бар. Бесіктердің жиналу тарихына келетін болсақ біздің музей қызметкерлерінің әр өңірлерге жасаған этнографиялық экспедициялары кезінде алынған бесіктер болып табылпды. Негізінен Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан өңірінен жинақталған бесіктер. Біздің музейге келушілеріміз, музейге жанашырларымыз бесікті музейдің қорында ол мәңгілік сақталатынын түсіне отырып, бесіктерді музей қорына тапсыруда.

 

Жалпы, наурыз мейрамының онкүндігі туралы айтар болсақ, осы айдың 17-і жұлдызы – Шаңырақ күні деп белгіленді. Осы күні отбасылық құндылықтар мен тәрбиеге арналған мәдени іс-шаралар өтеді. 18-і наурыз – Ұлттық киім күні. 19-ы Жаңару күні. Бұл күні  көктемгі ағаш егу дәстүрі бастау алады. 20 наурыз Ұлттық спорт күнінде бірқатар жарыстар ұйымдастырылады. 21 наурыз Ынтымақ күні деп жарияланды. 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, этноауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйымдастырылады. Ал, соңғы күні – 23 наурызда жалпымемлекеттік экологиялық акция жүргізілмек.