Еліміздегі қосымша құны жоғары өнім өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экспортқа шығарылатын отандық тауар түрлерін кеңейту, сондай-ақ экономиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін инфроқұрылымды жетілдіру. Бұл – Қазақстанның Даму банкінің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар. Бұл жөнінде Қаржы институтының басқарушы директоры Рахымжан Сатаев мәлімдеді. Оның айтуынша, банк алдағы 9 жылда шикізаттық емес сектордағы өндірістерге бағытталған жобаларды қаржыландыруға басымдық бермек. Осылайша 2030 жылға қарай бұл бағыттағы өндірістердің үлесі 50% кем болмауы тиіс. Сондай-ақ алдағы 10 жылда инфроқұрылымдық және инвестициялық бастамалар үлкен демеуге ие болады.
Рахымжан Сатаев, ҚДБ басқарушы директоры:
- Жаңартылған даму стратегиясында банк пен бизнес арасында нарықтық қарым-қатынасты дамыту үшін жеке секторды экономиканы әртараптандырып, жаңғырту бағытына тартатын жобаларға басымдық берілетін болады. Біз индустриалдық-инновациялық даму және инфроқұрылымдық даму сынды мемлекеттік бағдарламалардың негізгі операторы болып қаламыз. Бұған қоса стратегияны жаңартуға бағытталған жобаға тұрақты даму қағидаларын орындауға қатысты мақсатты ендіруді жөн деп шештік.
Рахымжан Сатаевтың сөзінше, Қазақстанның Даму банкі елдің энергетикалық балансында баламалы қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15% жеткізуге қатысты «жасыл» жобаларды қолдауын жалғастырады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов