Қазақстан Президенті Алматы облысының әкімін қабылдады. Марат Сұлтанғазиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, сондай-ақ Алматы агломерациясын дамыту жоспары жөнінде баяндады. Аймақ ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік субсидияларды тиімді пайдаланатын жетекші өңірлердің бірі. Яғни, бұл өлкеде 1 теңге субсидияға 17 теңгеге дейін ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі. Сонымен қатар, шетелде Алматы облысының өңдеу өнеркәсібінің өнімдері де сұранысқа ие. Биылғы 9 айда олардың экспорты 28,5% ұлғайып, 618,5 млн долларға жеткен. Марат Сұлтанғазиев соңғы 3 жылда облыстың жалпы өңірлік өнімі 2 есеге жуық артып, 6 трлн теңгеге дейін өскенін айтты.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
– Биылғы жылы 10 айда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,7% құрады. Халықаралық компаниялардың қатысуымен жалпы сомасы 470 млрд теңге болатын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Тауарлы сүт фермалары желісі кеңейіп келеді. Биыл 950 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліп, баспанамен қамту мүмкіндіктері кеңейтілуде. Қапшағай су қоймасы, Ұлттық парктер айналасында туристік кластерлер қарқынды дамып, өңірге келген туристер саны 2,2 млн адамға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 36% көп.

