Astana Team балалар хоккей командасы Канадада өткен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Шешуші матчта қазақстандық спортшылар айдын иелерін буллиттер сериясында жеңді. Жас хоккейшілерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи жеңісімен құттықтады. Мемлекет басшысы бұл табыс отандық спорт тарихындағы айтулы оқиға болғанын атап өтті. Құттықтауда команданың шеберлігі мен жеңіске деген ерік-жігер көрсетіп, тартысты финалдық жекпе-жекте хоккейдің отаны - канадалықтарды басып озғаны атап өтілген. Президент жас хоккейшілердің табанды түрде жаттығып, күш-қайраттарын шыңдап, бұдан да биік асуларды бағындыруына тілектестік білдірді.

