Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені шетелдік инвесторлар үшін тартымды. Мамандардың айтуынша, бірінші тоқсанда сырттан тартылған қаржының үштен бірі дәл осы салаға тиесілі. Жалпы, аталған кезеңде республикамызға келген тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі шамамен 7 миллиард долларды құрайды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырған 54 процентке артық. Республикаға шетелдік капитал салымдарының ағыны туралы Kazakh Invest компаниясының өкілі айтып берді.
Мейіржан Юсупов, «Kazakh Invest» компаниясының басқарма төрағасы:
– Мемлекет басшының тапсырмасына сәйкес, биыл елімізде инвестициялық жобалардың жалпы пулы құрылып, қазір онда жалпы сомасы 30 триллион теңгеден асатын 797 жоба бар. Оған мұнай-химия, тамақ өңдеу, тамақ өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, туризм, логистика, тасымал және басқа жобалар кіреді. Яғни, маңызы жоғары салалар. Тоқсан сайын пул жаңартылып, жаңа жобалармен толықтырылады.
Компанияның мәліметіне сүйенсек, инвестициялық жобалар пулында 35-тен астам ел бар. Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі бойынша 2 млрд доллар қаражатпен Нидерланд көш бастап тұр. Одан кейін тізімді АҚШ, Швейцария, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Бельгия, Ұлыбритания, Франция және Түркия елдері жалғастырады.