2023 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі көздеп отырған басты мақсат - инфляцияны тұрақтандыру. Оған қол жеткізу үшін 2030 жылға дейінгі ақша-несие стратегиясын жүзеге асыру аясындағы жұмыстар жалғасады. Бұл туралы отандық БАҚ-қа берген сұқбатында банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді. Сонымен қатар ол икемді бағам саясаты жалғасатынын айтты. Яғни валюта нарығының тиімділігін арттыруға және халықаралық резервтерді сақтауға ықпал ететін шаралар жүргізілмек. Өткен жылды қорытындылай келе қаржылық құрылым төрағасы шағын және орта бизнес субъектілеріне кредит беру талаптарын оңайлату сияқты уақытша, бірақ тиімді шаралар енгізілгенін атап өтті. Олардың барлығы 2024 жылға дейін қолданыста болмақ. Сондай-ақ экономиканың басым салаларында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында берілетін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қазіргі күні мүдделі мемлекеттік органдармен осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде дейді ғалымжан ПірМАТОВ.