Қазақстан Орталық Азия өңірінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сүбелі үлес қосып келеді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы жалпы пікірталастарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамалар еліміздің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге деген ниетін айғақтайды. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан азық-түлік жеткізудің өңірлік хабына айналуға дайын екенін айтқан болатын. Ел Президенті біздің бұған қажетті ресурстар, инфрақұрылым мен логистикалық әлеует жететінін атап өтті. Ондағы болашақ қағидаларын берік ұстанып, осы саланы жетілдіруге нақты қадамдар жасауы еліміздің көп қырлы халықаралық ынтымақтастыққа бағдар алғанының жарқын белгісі дейді сарапшылар.
Еркін Тұқымов, ҚР
Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры:
- БҰҰ-ның
Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректеріне сай Қазақстан АҚШ,
Австралия, Бразилия және Аргентина сынды ауыл шаруашылығы саласында елеулі
әлеуетке ие мемлекеттердің қатарына кіреді. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт
Тоқаев жақында Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Қорғас» халықаралық сауда
орталығы және Каспий маңында азық-түлік хабын құру бойынша маңызды бастамалар
көтерді. Бұл ең алдымен өңірлердің өзара сауда саттығы мен тауар айналымын
едәуір ұлғайтуға жол ашады. Қазақстан азық-түлік хабына айналса өңірлік
инфрақұрылымды, экономиканы жақсарту және шекарадағы көпжақты қатынастарды
дамыту үшін үлкен әлеуетке ие болады.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан әлемдік аренада кезекті рет өзін өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелерін шешуде беделін арттырып, жауапты және белсенді халықаралық әріптес ретінде танытты. Бұған келтірер мысал көп. Оның бірден бір дәлелі – еліміздің Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ-ның Өңірлік орталығын құру бастамасы.