Қазақстанға Пржевальский жылқыларының тағы бір тобы жеткізілді

Қазақстанға Пржевальский жылқыларының тағы бір тобы жеткізілді

Қазақстанға тағы 4 Пржевальский жылқысы әкелінді. Оларды Берлин хайуанаттар паркінен Қостанай облысына арнайы авиарейс жеткізген. 13 сағаттық ұшудан соң керқұландар мамандандырылған арнайы көлікке тиеліп сапарын жалғастырды. Мақсат түз тағысын «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватына жеткізу. Бұдан былай, осы аумақта қазақстандық популяция қалыптастыруға қажетті жануарлар топтары толыққанды жасақталмақ. Түз тағылары алдын ала бейімдеуден өтіп, жабайы табиғатқа жіберіледі.


Қанат Батырханұлы, Қазақстандық биоалуандылықты сақтау қауымдастығының маманы:


– Жабайы жылқылардың жағдайы жақсы, олар жаңа аумаққа жерсініп, айналаны шолып, суатқа келе бастады, өздерін жайлы сезінеді. Бұған дейін жеткізілген топтар қысты жақсы өткерді, аязды да, боранды да оңай өткерді, соңғы келген керқұландар да тез арада бой үйретіп, оңай бейімделеді деген ойдамыз.


Ленка Полякова, Прагадағы хайуанаттар паркінің директоры:


- Пржевальский жылқысы мыңдаған жылдар бойы Орталық Азияның табиғи жағдайларына барынша бейімделіп өсіп-өнген. Осы кең жазық даладан олар өздеріне қажет оңтайлы рацион табады, мұнда керқұланға қажет өсімдіктер мол. Жануарлар шын мәнінде өздерінің табиғи тіршілік ету ортасымен қауышып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Пржевальский жылқыларын қайтару және тарихи дала экожүйесін қалпына келтіру бағдарламасы 2023 жылы басталған еді. Араға жыл салып жануарлардың алғашқы екі тобы жеткізілді. 2029 жылға дейін барлығы 40 керқұланды жерсіндіру жоспарланған.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?