Қазақстанға шетелден 200 мыңнан астам турист келді

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанға 200 мыңнан астам шетелдік саяхатшы келді. Елімізге келген туристер саны бойынша мәліметті Ұлттық статистика бюросы ұсынды.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанға келген жиһанкездер арасында қытайлық туристер саны басым. Олардың саны екі есе артып, шамамен 25 мың адамға жетті. Аспан асты елінен кейін 18 мыңға жуық саяхатшымен Үндістан тұр. Үштікті Италия жабады. Бұл елден 3,5 мың адам елімізге саяхаттап келген.

Сонымен қатар, Қазақстанға ағылшындар, оңтүстік кореялықтар мен америкалықтар көп келеді. Шетелдік қонақтар арасында Алматы тау кластері танымалдыққа ие. Шетелдіктер арасында Ақмола мен Маңғыстау облыстарына қызығушылық жоғары. Жалпы, 2024 жылдың үш айында ғана хостелдер мен коттедждер 1 млн 700 мыңнан астам ішкі және сыртқы туристерге қызмет көрсетті.

Сарапшылардың пікірінше, оған курорттық аймақтарға жаңа әуе рейстерінің ашылуы ықпал етті.