Тұран жолбарыстары тарихи мекеніне оралады. Қазақстанға Нидерландыдан Ұлы дала жыртқыштары арнайы жеткізілмек. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры елімізге жолбарыстарды қайтару бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Еске салайық, бірнеше жыл бұрын Қазақстан Үкіметі жойылып кеткен және сирек кезігетін жануарлардың тұқымын қалпына келтіру жоспарын жариялаған болатын. Ол үшін кешенді дайындық жүргізіліп, Балқаш көлі маңынан ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылды.
Жансая Теміржан, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің бас сарапшысы:
– Жолбарыстардың Қазақстанға оралуы – бұл экологиялық маңызды жоба ғана емес, сонымен қатар, біздің табиғи мұраны қалпына келтіру жөніндегі күш-жігеріміздің жемісі. Келісімге қол қойылды. Екi жолбарыс, яғни еркек және ұрғашы аңдарды сыйға тарту шарты бекітілді. Іле-Балқаш резерватына көшіру биыл күзге жоспарланған. Жолбарыстар тұқымын молайту үшін жартылай ерікті жағдайда вольерлік кешенде ұсталады. Ал олардың ұрпақтары жергілікті жерге бейімделуі үшін кейіннен спутниктік қарғыбаумен бақылауда бір жарым жастан 2 жасқа дейін табиғат аясына жіберілетін болады.
Сондай-ақ, Қазақстанның аумағына кемі 5 жылдан соң амурлық жолбарыстар тобын жіберу жоспарланып отыр. Олар Ресейден жеткізілмек. Аталмыш дала аңының популяциясын кеңейту жөніндегі тиісті келісімге 2022 жылы қол қойылған болатын.