Су тасқынымен тиімді күресу үшін Қазақстанда гидротехникалық құрылыстар нығайтылып, жаңғыртылады. Бұл жұмысты еліміз Жапониямен бірлесіп жүргізуге ниетті. Таңғы шық елінің бұл салада тәжірибесі мол, сонымен қатар тың әзірлемелері бар. Бейінді ведомство тараптар осы бағыттағы ынтымақтастықты осы жылдың маусым айында бастауы мүмкін деп хабарлады.
Ғалымжан Қамбарбеков, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі басқармасының бас сарапшысы:
– Жапония көмек көрсетудің екі нұсқасын қарастыруда. Біріншісі – Жапонияның жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігімен бірлесіп жұмыс істеу, екінші нұсқа – жапондық халықаралық ынтымақтастық агенттігімен өзара іс-қимыл. Бұл ретте JICA биылғы жылдың маусым айында техникалық қолдау көрсетуге дайын. Жапон тарапы өз кезегінде қысқа мерзімде нығайтылуы тиіс басым құрылыстардың тізімін сұрады. Деректер JICA өкілдеріне беріледі.