Қазақстанға италиялық туристер ағылып келмек

Қазақстанға италиялық туристер көптеп келмек. Еліміздің өңірлеріне жасалған ақпараттық турлардың арқасында Апенин түбегінен келушілердің саны артады дейді мамандар. Беделді Италиялық БАҚ өкілдеріне арнайы өткізілген бұл шара еліміздің туристік әлеуетімен таныстыру үшін жасалып отыр.


Даниель Сержанұлы, «Kazakh Tourism» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары:


-Бұл бірнеше бөліктен тұратын ақпараттық тур. Оның бірінші бөлігі Оңтүстік Қазақстан бағытының танымалдылығын арттыруға бағытталған. Италиялық туристер үшін «Алматы-Шымкент-Түркістан» бағыты қызық болады деп санаймыз. Бұл үшін Қазақстан мен Италия сауда қауымдастығы мен Neos Air әуе компаниясының шақыруымен 10 адам алғаш қонақ болып келді. Олар итальян тілінде шығатын туристік басылымдардың журналистері.


Италиялықтар Шымкент қаласының тарихи бөлігіне, Түркістан облысындағы Арыстан баб кесенесіне, көне Отырар қаласының орнына және Керуен-Сарайға барды. Оңтүстік Қазақстан бағыты осыған дейін ірі италиялық Alpitour туристік операторының тізіміне енген болатын.


Даниель Сержанұлы, «Kazakh Tourism» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары:


– Осыдан кейін Италиялық беделді RAI TV телеарнасының түсірілім тобы Астанаға келіп, жаңалыққа еліміз туралы ауқымды материал жасады. Одан кейін, «DOVE» журналы мен «National Geographic» Италиялық бөлімінің журналистері Манғыстау өңіріне барып, тартымды жерлер туралы жазды. Әсіресе, Үстірт жотасына қызығушылықтары үлкен. Біз Еуропа нарығында Қазақстанға келетін туристердің басым көпшілігі италиялықтар болады деп болжап отырмыз. Қазақстаннан кейін олар Орта Азияның өзге мемлекеттеріне де қызығушылық танытады. Ол кезде біз хаб рөлін атқаруымыз тиіс.