«Сенімділік – жаңа күш» – The National Interest басылымында Қ.Тоқаевтың мақаласы шықты

«Сенімділік – жаңа күш» – The National Interest басылымында Қ.Тоқаевтың мақаласы шықты

АҚШ-тың беделді The National Interest журналында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сенімділік – жаңа күш» атты мақаласы жарық көрді. Президент дүниежүзі тұрақтылық ең сирек стратегиялық ресурстардың біріне айналған дәуірге қадам басқанын жазды. Қақтығыстар көбейіп, геосаяси бәсекелестік шиеленісті, ал халықаралық институттар тығырыққа тіреліп, поляризация және қоғам сенімінің төмендеуі салдарынан берекесіздікке жиі ұшырап жатыр. Осы орайда Мемлекет басшысы халықаралық қоғамдастық символдық мәлімдемелерден басқа ештеңе әкелмейтін келіссөздер, декларациялар мен конференциялар цикліне сүйенген өзара қарым-қатынастың ескі үлгілері бүгінгі әлемнің талабына сай келмейтінін атап өтті. Сол себепті, Президент Біріккен Ұлттар Ұйымы мақұлдаған және Дональд Трамп бастамашы болған Бейбітшілік кеңесін құру идеясын маңызды қадам деп бағалайды. Бұл таусылмайтын дискуссияға толы кезекті форумның бірі емес, - деді мемлекет басшысы. Мұнда, әсіресе, Газа мен Таяу Шығыста нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған практикалық қадам жасалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл бастаманы түбегейлі өзгеше ететін нәрсе – оның логикасы. Ақ үй шындығында да инновациялық тәсіл, сарқылған саяси формулаларды қайталаудың орнына, айқын әрі тікелей қағидатты ұсынды - тұрақты экономикалық даму арқылы бейбітшілік. Басқаша сөзбен айтқанда, бейбітшілік ұран ретінде емес, жоба ретінде қарастырылады: инфрақұрылым, инвестициялар, жұмыс орындары және қақтығыстың қайта жандануын иррационалды ететін болашақ. Жаңашылдығы мен ауқымдылығы арқасында бұл бастама құрмет пен халықаралық назарға лайық.

Сондай-ақ мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен АҚШ өзара құрмет пен түсіністікке негізделген көпқырлы серіктестік құрғанын атап өтті. Америкалық компаниялар бұрыннан бері, әсіресе энергетика секторында Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың қатарында тұр. Таяудағы жобалардың қатарында америкалық Cove Capital компаниясымен серіктестікте Қазақстанда әлемдегі ең ірі вольфрам кен орнын игеру бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кейінгі жылдары біз жаңғырту, әртараптандыру және әлемдік нарықтарға интеграциялану стратегиясын жүргіздік. Инвестициялық ахуалды нығайттық, нормативтік базаны жақсарттық және өңірдегі көлік байланысын кеңейттік. Нәтижесінде Қазақстандағы жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 000 АҚШ долларына жетті. Бұл оның Орталық Азиядағы ең ірі экономика ретіндегі орнын одан әрі нығайта түсті.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?