Геологиялық
барлау, газ өңдеу көлемін арттыру, инфрақұрылымды кеңейту. Газ саласында іске
асырылған негізгі жобалар мен басым бағыттар жөнінде QazaqGaz ұлттық
компаниясының төрағасы Мемлекет басшысына баяндады. Әлібек Жамауов ресурстық
базаны дамыту үшін Амангелді тобының құрамындағы «Бархан» кені іске қосылғанын
айтты, ал Жамбыл облысындағы «Малдыбай» кен орнында жұмыс жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, газ тұтыну көлемінің артуын ескере отырып, газ инфрақұрылымын
кеңейтуге, соның ішінде Астана қаласы мен агломерациясын көгілдір отынмен
қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Былтыр табиғи газға 400 мыңға жуық тұрғын
қосылған. Талдықорған – Үшарал газ құбырының іске қосылуы өткен жылдың ең
айтулы оқиғаларының бірі саналады. Бұл жұмыс межеленген мерзімнен бір жарым
жылға жуық ерте аяқталды. Бұдан бөлек, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге
асыру, соның ішінде «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырының
екінші желісін тарту, Қашағанда жылына 1 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт
салу жайында баяндалды. QazaqGaz төрағасы цифрлық шешімдерді енгізу жайында
мәлімет берілді. Aqyl Energy бастамасы аясында жасанды интеллект қолдана
отырып, газ құбырын есепке алу және басқару үдерісін цифрландыру жұмыстары
жүргізілді.
Әлібек Жамауов, «QazaqGaz» ҰК»
АҚ басқарма төрағасы:
- Біздің басты
мақсат халықты газбен үздіксіз қамтамасыз ету. Осы орайда біз барлық міндетті
орындап жатырмыз. Саралжын учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөнінде құжатқа,
Каменковский учаскесін бірлесіп зерттеу туралы келісімге, Северный-1
учаскесінде бірлесіп жұмыс жүргізу туралы келісімге қол қойылды. Кездесу
соңында Мемлекет басшысы Газ саласын дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді.

