Қазақстанға инвесторларды тарту тетіктері

Шағын және орта бизнесті қолдау мен жеке іс жүргізуге қатысты үрдістерді жеңілдету, салық төлемдерін төмендету және инвестиция тарту. Осы жылдан  заңды негізде күшіне енген осы және басқа да жаңашылдықтар кәсіпкерлікті барынша дамытып, әлеуетін арттыруды көздейді.

Бұл өз кезегінде еліміздің экономикасының қарқынды өсіміне үлкен сеп болады дейді, сарапшылар.

Мәселен, сырттан капитал тарту үшін жаңадан қолға алынған инвесторлар келісімі іске қосылды. Осы құжат аясында елімізге жеке қаржысын құйған инвестор жер, мүліктік, корпоративті табыс және қосымша құн салығы түрлерінен 10 жылға дейін босатылады.

Сондай-ақ жекеменшік мемлекеттік әріптестік аясында бірқатар үрдістер мен қолдау тетіктері оңтайландырылды. Бұған қоса инвесторлар қажет болған жағдайда биылдан бастап, мүлік және корпоративті құн салықтарын өтеу бойынша 3 жылға инвестициялық несие рәсімдей алады. Талаптары ескерілгенге дейін несие пайызсыз болады.

АРМАН БАЙҒАНОВ, ЭКОНОМИКА БОЙЫНША САРАПШЫ:

 - Бұл өте жақсы норматив, ол бұған дейін де болған еді. Бұл ең алдымен Қазақстанның экономикасына шетелдік инвестиция тартуды көздейді. Яғни бұндай саясат бұрыннан жүргізіліп келеді. Алайда бұл жолы еліміздің экономикасына қаржы құйған инвестор үшін қолдау шаралары күшейіп, тағы да жеңілдей түсті. Салған қаржының 30%-ін қайтару экономиканы тұрақтандырып, қарқынды дамыту үшін дер кезінде қолға алынған шара. Бұл бағыт қомақты қаржы құйылатын аграрлық-өнеркәсіптік кешен үшін аса тиімді. Осы секторды дамыту үшін қаржы көп жұмсалады. Сондықтан бұл ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы деп білемін.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов