Бюджеттік процеске қатысушылардың ашықтығы мен
есептілігі күшейтілді. Осылайша ел қазынасын, яғни мемлекеттік қаржыны
басқарудың сапасы арта түседі. Еліміздің жаңа бюджет кодексіне осындай
міндеттер жүктеліп отыр. Үкіметте оның
жобасы жіті қаралды. Құжатты Ұлттық экономика министрі ұсынды. Әлібек Қуантыровтың сөзінше, кодексті
әзірлеу барысында отандық және халықаралық сарапшылардың тың ұсыныстары мен Жоғары
аудиторлық палатаның ескертулері және Мемлекет басшысының тапсырмалары барынша
ескерілген. Сондықтан біршама жаңашылдық енгізіледі. Мәселен, Ұлттық қордан тек сыни инфрақұрылымға берілетін нысаналы трансфертті
пайдалануға шектеу қоюға қатысты тиісті критерийлер қосылды.
Әлібек Қуантыров, ҚР
Ұлтық экономика министрі:
-Аса маңызды объектілерге жұмыс орындары мен қосымша салықтар беретін зауыт
сияқты құрылыс немесе тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылым жатады.
Жалпыелдік жобаларға бір мезгілде бірнеше облыстың аумағында бірдей объектілер
салатын «Жайлы мектептер» жобасы сияқтылар жатады. «Ұлттық қор – балаларға»
жобасы бойынша ережелер жеке баппен енгізілген. Мемлекеттік қаржыны басқарудың
2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес бұл балаларға 18 жасқа толғанға дейін
жыл сайын есептелетін нысаналы талаптар болады. Ұлттық қордан алып қою көлемі
нысаналы талаптар көлемімен шектелген.
Үкіметте егін жинау науқанынның барысы қаралды
Үкімет үйінде қаралған енді бір өзекті мәселе егін жинау науқанын сапалы әрі уақтылы өткізу. Бейінді ведомство басшысының айтуынша, биыл шамамен 17 млн Га алқапқа дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілген. Бүгінгі таңда шаруалар оның 40 процентін орып үлгерген. Шығымдылық гектарынан орта есеппен 10 центнерден айналуда. Ауыл шаруашылық министрінің сөзінше, бар гәп аграрлы аймақтарда жауын-шашынның мол түсуі. Премьер-Министр орақ науқанын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қолға алынғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар Әлихан Смайылов тисті мемлекеттік органдарға аграрийлерге көмек көрсетуді, астықты сақтау және кептіру орындарында жиналған өнімді тәулік бойы қабылдауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Энергетика
министрлігі астықты кептіру үшін қосымша көлемде дизель отынын бөлетін болады.
«Бәйтерек» холдингі несиелер бойынша қарыздарды қайта құрылымдап, қолайсыз
ауа-райынан зардап шеккен фермерлер үшін айыппұл санкцияларын салмай,
Азық-түлік корпорациясының желісі арқылы тауарлық несие мерзімдерін ұзартып
отыр. Ауа-райының қолайсыздығы форс-мажорлық жағдай ретінде танылуы тиіс.
Субсидияларды толық көлемде төлеу керек.