Қазақстанда он айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асып, былтырдың сәйкес кезеңінен 6%-ке жуық өсім көрсеткен. Бұл жөнінде Үкімет отырысындай айтылды. Металургия, машина жасау және химия өнеркәсібінің өндірісі қарықн ала түсіп, өсімнің қозғаушы күшіне айналған. Бүгінде елімізде диджитал-технологиялар енгізіліп жатқан кәсіпорындардың үлесі 19% жетті. Зауыттарда бөлшектерді 3D-сканерлеу, бұлтты шешімдер, компьютерлік көру және үлкен деректерді өңдеу жүйелері қолданылады. 40 астам өндіріс ошағы өнеркәсіптік роботтар орнатқан. Бұдан басқа, ірі өндірістерде АІ көмегімен 41 жоба іске асырылуда. Сонымен қатар, өнеркәсіптің ұлттық цифрлық экожүйесі қалыптастырылып, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларын талдауға арналған Tizilim жүйесі іске қосылды. Ал қаңтар айынан бастап отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі өз жұмысын бастамақ.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Бүгінде ЖІӨ құрылымындағы өңдеу секторының үлесі шамамен 13% құрайды. Экономиканы белсенді түрде әртараптандыру ісін жалғастыру маңызды. Соңғы жылдары ауқымды жұмыс атқарылды. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі кейінгі бес жылда шамамен үштен бірге өсті. Біздің мақсатымыз – Жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін 2030 жылға қарай 15% дейін, ал 2035 жылға қарай 18-20% дейін жеткізу.
Отандық өңделген өнімнің экспорты өткен жылы 23 млрд доллардан асты. Бұл ретте, АӨК көшбасшылар қатарында. Қазақстан шетелдік нарықтарға ұн, жарма, май, крахмал, биоэтанол жеткізеді. Мұнай саласы да қайта өңдеу ісін дамытуды қолға алған. Мұнда қуаттылықты кеңейту есебінен 7 жыл ішінде бензин мен дизель отынын өндіру көлемін жылына 30 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Салаға құйылған инвестициялар ағыны да артып келеді. Биыл 10 айда оның көлемі 1,7 трлн теңгені құраған. Бұл былтырдың сәйкес кезеңінен 30% жоғары. Осы тың үрдіс индустрияландырудың бірыңғай картасы аясында жаңа өндірістердің іске қосылуымен байланысты.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Өңдеу көлеміне іске қосылған жобалар өз үлесін қосуда. Биылға жоспарланған жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жобаның 147 іске қосылды. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Олардың қатарында қытайлық Chery, Changan, Haval, Tank брендтерінің жеңіл автокөліктерін шығаратын, тамақ өнеркәсібіне арналған алюминийден жасалған қаптамалар, тұрмыстық техника өндіретін ірі жобаларды атап өтуге болады.

