Қазақстан криптоиндустрияның өңірлік хабына айналады. Осының қамында еліміздің салалық құрылымдары ірі халықаралық компаниялармен әріптестік орнатуға мүдделі. Олардың бірі Binance криптобиржасы. Тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның аясында цифрлық қаржы, блокчейн технологиясы салаларына қатысты бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру келісілген. Шетелдік компанияның бас директоры Чанпэн Чжао Astana Hub базасындағы Blockchain орталығын аралап, ондағы озық технологиялық жобалармен танысты. Маман арнамызға берген сұхбатында еліміздегі инновациялық экожүйенің дамуына тәнті болғанын жеткізді. Айта кетейік, 2020 жылы «Bloomberg-50» рейтинг агенттігі Чанпэн Чжаоны ғаламдық бизнес-ландшафтты өзгерткен ықпалды адамдардың қатарына енгізді.
Чанпен Чжао, Binance компаниясының негізін қалаушы және Бас директоры:
– Біз жергілікті экономиканың криптокеңістігіне инвестиция салуға мүдделіміз. Сондай-ақ, осы бағытта білім жүйесіне, жергілікті қоғамдастықтарға қаржы құйып, университеттермен тығыз әріптестік орнатқымыз келеді. Елдеріңізде Үкіметпен ұзақ уақыт бойы серіктесіп жүрген өз командамыз бар. Қазақстан нарығының біз үшін маңызы зор және жергілікті үкімет осы бағытта ашық әрі тиімді жұмыс жасап жатқанын айтқым келеді.