Қазақстанда «Әділет» және «Е-Заң көмегі» жүйелерінде жасанды интеллект негізінде «Цифрлық консультант» іске қосылды. Сандық көмекші азаматтарға құқықтық сұрақтар бойынша автоматты түрде ақыл-кеңес береді. Осылайша жасанды зейін мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтады. Бұған қоса құқықтық нормалар шығармашылығы саласында да цифрлық шешімдер әзірленуде. Әділет министрлік авторлық құқықтарды ұжымдық негізде басқару үшін зияткерлік меншік бойынша Бірыңғай сандық платформа құру туралы заң жобасына бастамашылық етті. Тұсаукесері 2026 жылға жоспарланған. Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде әділет органдарында цифрлық шешімдерді енгізу барысымен танысты. Үкімет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізу барлық саланың даму тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі
- Әлемде қазір цифрлық технологиялар, жасанды интеллект өте қарқынды дамып жатыр. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша елімізде суперкомпьютер пайда болды. Бәріңіз көрдіңіздер ол Орталық Азия өңірінде суперкомпьютер ең қуатты құрал қолымызда бар. Суперкомпьютер бізге бәрімізге, мемлекеттік органдарға, бизнеске үлкен мүмкіндіктер береді. Жаңа цифрлық технологияларды енгізу үшін суперкомпьютерді дұрыстап пайдалана білу керек экономиканың жалпы мемлекеттің барлық салаларына.

