Қазақстанда кен қорларын цифрландыру және жер қойнауын талдау үшін жасанды
интеллект енгізу жобасы іске асырылуда. Осылайша, елдегі ресурстар туралы
деректер жүктелген интерактивті кадастр жасақталады. Ол 4 жарым млн астам карта мен есептерді қамтиды. Жүйе кен
орындарын іздеуге және табылған деректерді жер қойнауын пайдаланушылардың
бірыңғай платформасымен салыстыруға арналған. АІ геологиялық барлаудың алдын
ала талдау сапасын арттырады. Алайда, түпкілікті шешімді мамандар қабылдайды.
Бұған қоса, Қазақстанда интерактивті геологиялық карта мен геологтың жеке
кабинетінің прототиптері әзірленді. Мамандар барлық жинақталған деректерді
бірыңғай жүйеде зерделеп, оларды тәжірибе жүзінде қолдана алады.
Жәннат Дүбірова, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Елімізде ондаған жылдар бойы үлкен көлемдегі материалдар жинақталған.
Олар – геологиялық есептер, карталар, мұрағаттық құжаттар және әртүрлі
тасымалдағыштардағы деректер. Мәселе – бұл ақпараттың едәуір бөлігі ұзақ уақыт
бойы тек мұрағат түрінде сақталып, талдау үшін толыққанды пайдалануға
қолжетімсіз болды. Сондықтан қазір ауқымды цифрландыру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі таңда тарихи геологиялық деректердің 97,5%-ы сканерленді. Бұл шамамен
4,7 млн парақ материал.

