Танымал арғымақ Қабырхан, әлемдік белді ат жарыстарындағы жеңісімен тарихқа
кіріп қана қойма, бұл спорттың Қазақстанда дамуына да өз үлесін қосты. Әсіресе,
жай шабыстың танымалдылығын көтерді. Бұл туралы аттың иесі – Тілек
Мұхамбетқалиев айтып, өз ойымен бөлісті. Естеріңізге сала кетсек,
отандық кәсіпкер екі жыл бұрын құнан кезінде Қабырханды сатып алған. Сол кезден
бері сәйгүлік еліміздегі және Ресей мен БАӘ-дегі 11 бәйгеге қатысып, тек бір
рет қана топ жара алмады.
Тілек
Мұхамбетқалиев, Қабірханның иесі:
-Бұл – біз жеңіп алған кубоктер. Ал мынау Дубайда алғаш
топ жарғандағы жеңіп алған Al Makhtoum Challenge. Биыл Дүниежүзілік көшпенділер
ойындары өтеді. Қабырханның жетістіктерінен кейін қазір елімізде көптеген
адамдар тұқымы мықты арғымақтар ала бастады. Бұл жай шабыста Қазақстанның
халықаралық аренадағы деңгейі мен беделін көтереді деп ойлаймын.
Қабырханның шеберлігіне тәнті болатын жанкүйерлер күн өткен сайын көбейіп
келеді. Жуырда, 30 наурыз күні сәйгүлік әлемдегі ең ірі чемпионат – Дубайдағы
Әлем кубогінде жарыс жолына шығады. Ол өзінің жоғары рейтингі мен қаңтар
айындағы іріктеу турындағы жеңісінен кейін, осы сайысқа жолдама алды. Кубок
иегері 12 млн доллар сыйақы алады. Ол ат иесінің, артынша жаттықтырушысы Даг
Уотсонның да арманы болды. Оның айтуынша, алдағы жарыста үздік тұлпарлар, әлем
чемпиондары бой көрсетеді. Ал, Қабырхан болса, Дубайдағы дүбірлі додада бақ
сынайтын тұңғыш қазақстандық тұлпар атанып отыр.
Даг
Уотсон, Қабырханның бапкер-тренері:
-Қабырханмен дайындық жақсы жүріп жатыр. Ол апта сайын
тұрақты жаттығып келеді. Қолымыздан келмейтін ештеңе жоқ деп санаймын. Қазір
жағдайы өте жақсы. Бұған дейін қол астымда, бұлай жақсы жаттыққан тұлпарды
көрген жоқпын. Сондықтан, көп үміт артамын.