Тарихта алғаш рет қазақ қызы Эверестті бағындырды. Ол
отандық «Kazakh Everest Team» тобының
құрамында 8848 метрді еңсерді. Әлемнің ең биік нүктесіне Анар Бурашева еңбек
сіңірген альпинист Мақсұт Жұмаевпен бірге еліміздің көк туын тікті. Барлық
қазақстандықтар 7 мамырда аттанып, 12 мамырда ең биік нүктеге жетті. Осылайша,
шыңды бағындыру үшін 5 күн кеткен. Оның үстіне, отандық альпинистер тауда
қиындықтарға да тап болды. Мәселен, 8
мың метр биіктікте қазақстандықтар дүлей дауылға ұшырады. Көптеген
экспедициялар осының кесірінен кейінге шегінуге мәжбүр болған. Ал, шыңға тек 5
елдің командалары жетті. Оның ішінде отандастарымыз да бар. Айта кетейік, осы
жетістіктерін олар Екінші Дүниежүзілік Соғыста ерлік көрсеткен еліміздің батыр
бабаларының құрметіне арнады. Себебі, Рақымжан Қошқарбаев, Әлия Молдағұлова мен
Сағадат Нұрмағамбетовтердің туғанына биыл 100 жыл болды.