Қазақстанда 2027 жылға қарай шағын торапты құрастыру әдісімен 200 мыңға
тарта автомобиль шығару жоспарланған. Бұл кезде аталмыш тәсілмен отандық темір
тұлпар жинаудың жалпы көлік өндірісіндегі үлесін 50% жеткізу міндеті тұр. Биыл дәл
осы көрсеткішті 20%-ға жеткізу межеленген. Кейінгі жылдары бұл қарқынды шамамен
10 процентке ұлғайту көзделуде. Қазір Қостанай және Алматы қалаларындағы шағын
өнеркәсіптік аймақтардың алаңдарында автокомпоненттік базаны дамыту жобалары
пысықталуда. Елде авто орындықтар өндірісімен Қытай көліктерін шығаратын көп
брендті зауыт салу жобасы қолға алынған. Бұдан басқа, көлік құралдары үшін
пластикалық бөлшектер мен мультимедиялық жүйелер әзірлейтін бірқатар кәсіпорынды
қолданысқа беру жоспарлануда. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап дәнекерлеу және
бояу операциялары Қазақстан аумағында құрастырылатын әрбір көлік брендінде
игерілетін болады. Бұл ретте ағымдағы жылдың 3 айында отандық машина жасау
саласының өндірісі 25%-ке жуық өсім көрсеткенін айта кеткен жөн.