Қазақстан Президенті «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитінде cөз сөйледі

Қазақстан Президенті «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитінде cөз сөйледі

Абу-Дабиде өткен саммитте Қазақстан Президенті климаттық қатерлермен күресу үшін шешім ұсынды. Әлемдік көшбасшылардың кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің орнықты дамуға қол жеткізу жөніндегі стратегиясын таныстырып, үш негізгі бағытты белгіледі. Атап айтқанда, бұл – цифрландыру мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар және ядролық энергетика салалары. Мемлекет басшысы еліміздің атом энергетикасы саласын құру жөніндегі жоспарлары туралы айтты. Президенттің айтуынша, республикадағы алғашқы АЭС құрылысы отандық энергетика саласын орнықты дамыту бағытындағы елеулі қадам болмақ. Бүгінде Қазақстан әлемдік нарыққа аса маңызды шикізат түрлерін жеткізуге ұмтылып отыр. Ауаға тарайтын көміртегі мөлшерін азайту жөніндегі жаһандық мақсатты орындау үшін бұл материалдар өте қажет. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы көлік инфрақұрылымының маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз көлік инфрақұрылымына, атап айтқанда, автомобиль және темір жолдарының, әуежайлар мен теңіз айлақтарының құрылысына инвестиция салуды белсенді түрде қолға алдық. Байланыс мүмкіндіктерінің аясын одан әрі кеңейту үшін Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізін дамытуға, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасында елеулі рөл атқаруға ниетті. Мақсатымыз – өңіраралық қатынастарды нығайтып қана қоймай, орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ететін тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастыру.

Мемлекет басшысының айтуынша, жаһандық жылыну – Орталық Азия үшін басты сын-қатердің бірі. Жылыну үдерісінің үдей түсуі экожүйелерге, тұрмыс-тіршілікке және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сондай-ақ, біздің өңір трансшекаралық өзендерге тәуелді. Сондықтан Президент ерте ескерту жүйесін құрып, су және жер ресурстарын басқару ісін жетілдіру керек, деп қосты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл ретте су үнемдеу технологияларына инвестиция салып, ирригация жүйелерін жаңғыртуға тиіспіз. Су ресурстарын тиімді басқару келісімдеріне қол жеткізіп, жасанды интеллекттің, жерсерік арқылы мониторингтің және басқа да цифрлық құралдардың көмегіне жүгінгеніміз жөн.

Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін кезек күттірмейтін мәселенің бірі ретінде атады. Ол әлемдік нарықты азық-түлік өнімдерімен және тыңайтқыштармен тұрақты қамтамасыз ету үшін инновациялық тәсілдер қажет екенін айтты. Қазақстан орнықты ауыл шаруашылығының әдістері мен технологияларын одан әрі жетілдіруді көздейді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, аталған сын-қатерлерге төтеп беру үшін әлемге жаңа даму парадигмасы керек. Нақты шаралар ретінде Президент «жасыл экономикаға» көшуді қаржыландырудың қолжетімділігін, технология трансфертін, техникалық қолдау және ғылыми зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың аясын кеңейтуді, сондай-ақ, климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі басымдықтардың, экономикалық даму мен жасанды интеллекттің синергиялық ықпалдастығын атады. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл қағидаттар жаһандық проблемаларды шешудің тұтас жүйесін қалыптастыруға көмектеседі.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?