Қазақстандық стартап Кремний алқабында Hero Training
акселерациялық бағдарламасының үшінші ағынының қорытындысы бойынша «үздік
команда» атағын жеңіп алды. Отандық жоба жалпы 26 елден келген 70 қатысушының
алдын орып, бірінші орынды иемденген. Астана хабтың мәліметінше, «Beyim Tech» атты тұғырнама цифрлық білім
беру саласындағы үздік инновациялық шешім деп танылған. Биыл аталған
бағдарламаға қатысу үшін Орталық Азия мен Әзербайжан елдерінен 49 өтініш келіп
түскен. Алғашқы іріктеу кезеңінде 10 жоба таңдалып, қорытынды сынға жолдама
алды. 5 апталық оқу барысында жеңімпаздар үшін білікті технологиялық
тәлімгерлер, венчурлік инвесторлар мен сарапшылар түрлі воркшоптар өткізді.
Осылайша, стартаптар өз өнімдерін жақсартып, шетелдік компаниялармен
ынтымақтастық орнатып, америкалық нарықта бірқатар сәтті келісімдер жасай алды.
Танат
Өскембаев, «Astana hub» басқарушы директоры:
- Осы екі жылдың
ішінде бағдарламаға біздің өңірден 27 стартап жібердік. Аталған стартаптар жалпы
алғанда 2,7 млн доллар көлемінде инвестиция тартып, алғашқы тұтынушылар мен
инвесторларды тапты. Сондай-ақ, бұл жобалар «Silk Road Innovation Hub»
шеңберінде белсенді қолдау алады. Ол кремний алқабындағы Пало-Алтода орналасқан.
Яғни, олар АҚШ-та өз бизнесін дамытып жүрген технологиялық кәсіпкерлер
қауымдастығының қолдауына ие болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

