Биыл қазақ әдебиетінің абызы, көрнекті мемлекет
және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының
туғанына 85 жыл толды. Оның
есімі әдебиет әлеміне жастайынан танылды.
Халық арасында автордың
«Шыңырау» повесі мен «Үркер», «Елең-алаң» романдары жақсы таныс. Пайым парасаты
тым терең тарланның есімі 2019 жылы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейіне
берілді. Онда жазушыға арналған көрме залы да бар. Экспозицияда қаламгерге тиесілі
380-нен астам құнды жәдігерлер қойылған. Арасында музей келушілерінің ерекше
ықыласына бөленген жазушы үйінің ішкі интерьері, кітаптары, қолжазбалары бар.
Нұргүл
Жолдықызы, Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану
музейінің бөлім меңгерушісі:
- Бұл кісі сапарнама
жазған. Жапонияға барған сапарындағы «Тырау-тырау тырналар» сапарнамасының қолжазбасы бар және «Ұя мен жебе» сапарнамасының қолжбасы
бар музейде сақталған.
Ақын
Еділбек Дүйсен Әбіш Кекілбаевтің шығармаларын бала кезден зердесіне тоқып өскен
буынның өкілі. Ол Әбіш атамыздың кей туындыларын бірнеше рет қайталап оқыған.
Соның арқасында әр туындының рухани құндылығымен танымдық бағытын түсіндім
дейді.
Еділбек
Дүйсен, ақын:
- Әбіш Кекілбаевтың
кеңістігі мың қатпарлы, сан боялуы, кеңістік. Қазақ дүниетанымымен, Маңғыстау
аңыздарымен, адам психологиясымен астасып жатқан үлкен кеңістік деуге болады. Басқасын
айтпағанда бір ғана «Аңыздың ақыры»
шығармасы қазақтың әдебиетін бір белеске
шығарғанымен қоса, әлемдік деңгейде бағалануы тиіс, өз орнын алуы тиіс үлкен
шығарма деп есептеймін. Өйткені кезінде бұл шығарма неміс тіліне аударылғанда
неміс оқырмандарынан бөлек, немістің әдеби сыншыларын таңдай қақтырған үлкен
шығарма.
Айта кетейік, кенен парасат иесі егемен еліміздің
тарихи шежіресінде де
өз қолтаңбасын қалдырды. Қазақтың абызы атанып, саналы ғұмырын еліне қалтқысыз
қызмет етуге арнаған ардақты азамат. Әбіш Кекілбайұлы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған
тұңғыш қаламгер.

