Қазақстанда жасалған жер серігі Моңғолияға экспортталады. Қос тарап жерді
қашықтан зондтау жүйесін құру және дамытуға бағытталған тарихи инвестициялық
келісімге қол қойды. Жерсерігі Моңғолияның қажеттіліктеріне бейімделіп, өңірлік
спутниктік инфрақұрылымды нығайтады, деп хабарлады еліміздің бейінді министрлігі.
Сонымен қатар, екі елге де жердің жағдайын тиімдірек бақылауға, су ресурстарын
басқаруға және қоршаған ортадағы өзгерістерді талдауға мүмкіндік береді. Жоба
Қазақстанның Ұлттық ғарыш орталығы базасында моңғол инженерлерінің қатысуымен
жүзеге асырылады. Қазақстандық мамандар моңғол әріптестерін оқыту міндетін де өз
мойнына алып отыр. Айта кетейік, бұл республика тарихындағы отандық инженерлер
әзірлеген алғашқы экспорттық спутник.
Авторы: Әсел Күшенғалиева