Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізді. Келіссөздер барысында қос мемлекет басшылары Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытудың негізгі мәселелерін талқылады. Тараптардың екі жақты сауда қатынасына көңілі толады, дегенмен, алыс беріс әлеуетін арттыруға мүмкіндік мол. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізуге болатынын алға тартты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Әзербайжан мен Қазақстан – бауырлас әрі достас мемлекеттер. Біздің тарапымыздан сауда-экономика және инвестиция салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ екіжақты форматтағы және халықаралық ұйымдар аясындағы саяси қарым-қатынасты дамыту үшін барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Біз Кавказ аймағында жетекші рөл атқаратын Әзербайжан мемлекетімен экономикалық қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту үшін ауқымды жұмыс жүргізуді көздеп отырмыз. Біздің арамызда ешқандай мәселе жоқ. Тек қана осы бағытта алға ілгерілеуге деген ниет қана бар»
Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының президенті:
- Өзіңіз айтқандай, біздің елдеріміздің бір-біріне деген бауырластық ниеті шынайы. Бұл – екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жақсы негіз. Ынтымақтастық бағыттарына келетін болсақ, оларды санамалауға біраз уақыт кетеді. Өйткені ол қоғамның барлық саласын қамтиды. Әрине, қазіргі жағдайда сауда-экономикалық және инвестициялық жобалар, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымға қатысты жобалар басымдыққа ие
Саудадан бөлек екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың да орыны бөлек. Биыл Әзербайжанда Қазақстанның мәдени күндері өтеді. Ал қазақ елінде әзербайжан халқының көрнекті тұлғасы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына орай бірқатар шаралар жоспарланып отыр. Атап айтқанда Астана қаласында Гейдар Әлиев атындағы көше ашылып, мемлекет қайраткерінің өміріне арналған «Ғазиз ғұмыр» деректі фильмінің таныстырылымы өтеді.