Шымкентте асық атудан спортшылар командасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындық үстінде. Қатысушылар өздерінің ойын стратегиясын әзірледі. Осыған орай ағайынды Молжігітовтер асықтардың түр-түрін жинаған. Нұрқиса, Нұржігіт және Нұрқанат – өз ісінің шеберлері. Бүгінде оларға үлкен үміт артылып отыр.
Айта кетейік, асық ойынының тәйке, бүк, шік, алшы сияқты түрлері бар. Спортшылардың айтуынша, ең бастысы жеңіс емес, бүкіл әлемге дәстүр мен мәдениетті сақтаудың және ұлттық спорт түрлерін дамытудың қаншалықты маңызды екенін көрсету.
Нұрқанат Молжігітов, асық атудан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
– Әр елдің өз Ұлттық спорты бар. Мысалы, жапондарда – дзюдо болса, қытайларда – үстел теннисі, бұл да біздің Ұлттық спортымыздың нақ бірі – асық ату мен қазақ күресі. Асық атудан, Құдай қаласа намысымызды қорғап, алтын аламыз деген үміттеміз.
Нұржігіт Молжігітов, асық атудан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
– 4 рет өтті оқу жаттығу жиындары. Соңғысы енді 27 тамыз күні Астанада болады. Әзірге нәтижелеріміз жаман емес, жақсы. Алдыңғы орындарға таласамыз деп үміттенеміз.
Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына 20-дан астам ұлттық спорт түрі ұсынылған. Оның алтауына шымкенттік спортшылар қатысады.